История библиотеки


Кітапханалардың тарихынан

          Кітапханалар туралы алғашқы мағлұматтар Қазақстан Республикасы мемлекеттік мұрағатында сақтаулы.  Аталмыш құжаттарда Мәртөк мәдени- ағарту үйірмесінің  мұғалімі В.Романовский және  Мәртөк тұрғыны  В.Скалев бастамасы бойынша қаланды. 1917 жылғы 27 желтоқсанда ұйымдастыру  жиналасы болып өтті,  оған жергілікті зиялы қауым, сондай-ақ  жергілікті  шаруалар арасынан ағарту ісіне  тілектестер қатысты. 
         1918 жылғы 1 қаңтарға 30 адам үйірме мүшесі ретінде жазылды. Жарғыға сәйкес үйірме  екі:  ағарту және  көңілге қонымды ермектер  секцияларына бөлінді. 1918 жылғы маусым және 1919 жылғы қыркүйек арасында  жүргізілген секция өз жұмысын тоқтатты.  Өйткені, үйірменің біраз мүшелері Қызыл Армияның құрамына жұмылдырылды.  Спектакльдерден және ерікті  қайырымдылық  мүшелік  жарналарынан 2324 сом 78 тиын сомасында таза түсім  келді. Оның  1907 сом 90 тиыны әдебиеттер мен брошюрлар сатып алуға, сахнаны жабдықтауға, кітапхана мүкәммалдарына жұмсалды. Қалған ақшаға 1919 жылғы  1 қыркүйекте ашылған  және қорында әртүрлі мазмұндағы 1200 дана мұсылман, 1600-дей орыс әдебиеті  болған. Мәртөк  үйірмесі кітапханасының  қызметшілерін ұстауға   мүмкіндік жоқ еді. Сондықтан мәдени – ағарту үйірмесі Қырғыз  өлкесін басқару  жөніндегі әскери  ревком жанындағы халық ағарту  бөлімінен көмек  сұрау қажет  деп шешті.  Бұған Мәртөк  мәдени – ағарту  үйірмесінің жарғысы қоса берілді. 20 жылдардың басында ауылда  клуб және кітапхана  жұмысының функцияларын  атқаратын әмбебап мәдени ағарту мекемелері – қызыл отаулар  құрыла бастады.          
              Ал ең бірінші  оқу бөлмесі  1919 жылы  Линовицк  ауылында  ашылды. Оқу үйі  жұмыс кестесі 16 дан 20 сағатқа дейін ғана белгіленді.  Алғашқы кітапханашы қызметіне И.Бондаренко атқарды.  Мереке күндері кітапханаға ерлер, әйелдерге қарағанда көбірек келетін. Себебі, ғасыр басында қара халықтың басым бөлігі қара танымайтын сауатсыз еді.  Алғашқы кітап қорында 200-300 кітап болатын. 1920 жылы 7 қазанда  Вознесен ауылында кітапхана ашылды., Макар  Бущан деген кісі меңгерді. 1920 ж. 18 мамырда Покровка ауылында училище жанына оқу бөлмесі ашылды. Оның менгерушісі М.Волков болды. Полтавка ауылында 1920 ж. 15 желтоқсанда кітапхана ашылды. Сонымен қатар Студент ауылында оқу бөлмесі ашылды. Оның меңгерушісі болып Цесько тағайындалды. Сол айдың 16 –да Жайсаң селосы жалпы жиналысында кітапханашы К.Нащекина сайланды.  1920 ж. Мәртөк ауданы  алғашқы мұсылман кітапханасы
Қаратоғай болысының №2 әкімшілік ауылында ашылды. Кітапхана қоры 159  дана кітапты құрап алғашқы  кітапханашы Ә. Жүнісов болды. Бөрте  болысының №3 ауылында екінші ауыл кітапханасы ашылды. Кітапхана болып ауыл сауаттыларының бірі Жүсіп Молдашев тағайындалды, кітапхана қоры 72 дана  кітапты құрады.
         1924-1927 жылдар аралығында аудандағы кітапханалар саны тез өсті. Жаңа оқу үйлері ашылды, жаппай сұранысты қанағаттандыратын тұрғындарға кітап пен газет таратудың арзан да ыңғайлы жолы табылды – жылжымалы кітапханалар. Сонымен қатар, Жайсан, Қаратоғай, Мәртөк және Хлебодаровка тұрғындары үшін Қазақстан темір жолынан өтетін вагон-кітапханалардан кітап алуға мүмкіндік туды. 30 –жылдары селолық жерлердің мәдени-ағарту органдарының жаппай жүргізген жұмыстары айтарлықтай    5 жақсарып, оқу бөлмелері  мен клубтар  селоның мәдени-ағарту жұмыстарының сүйінші болды. Осы жылдары  ауданның көптеген селоларында мәдениет мекемелеріне арналып көптеген жаңа ғимараттар салынды.
        1935 жылы ауданымызда саяси-ағарту мекемелері жанынан ересектердің арасындағы жұмысты тексеретін инспектор мамандығы қабылданды.. Оған  сауатсыздықты жою, клубтар, кітапханалар және т.б.  мекемелер кірді. Сол жылдан бастап барлық жерлерде қорды санау және сақтау үшін кітапханалық каталогтар енгізілді.
         Ұлы Отан соғысы жылдары  Қазақ ССР халық ағарту комиссариаты 1941 ж. Тамыз- қыркүйек айларында «Соғыс уақытындағы кітапханалардың, оқу бөлмелерінің, клубтардың мәдениет үйлерінің жұмысы» деген нұсқаулық материалдар іріктеуін шығарды. Соғыс жылдары кітапханалар, оқу бөлмелері, клубтар жаппай үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Мәдениет мекемелері газеттермен, жаңа  әдебиетпен, плакаттармен, ұрандармен үздіксіз қамтамасыз етіліп отырды. ҰОС жылдары ауданымыздың үздік кітапханашысы Ф.Озмитель ерлікпен қаза тапты. Ол Кеңес Одағының Батыр, әйгілі «Грозный»  отрядының командирі.
       60 жылдары  ауданның мекемелер құрылымына қауырт өзгерістер еңгізілді. Ұзақ уақыт озаттыққа ие болған оқу- үйлері кейінге  калды.. Соғыстан кейін материалдық пен қаржылық  себебі бойынша жабылған көпшілік кітапханалардың жұмыстары жандандырылды. Мысалы, аудан орталығындағы аудан «Райпотребсоюз» кәсіпорының «қызыл бұрышында» орналасқан кітапханада Екатерина Ивановна Мишина қоғамдық жұмыс атқарып, кішкентай оқырмандарға кітап деген қызығушылығын арттырып отырды.

      1970 жылдарда кітапханаларды орталықтандыру даму сатысы болды. 1976 жылы облыста алғаш боп Мәртөк ауданы кітапханашыларының белсенді қатысуымен кітапханалардың жаппай орталықтандырылуы қолға алынды.
Кітапханалар жүйесінің  құрамында 32 ауылдық кітапхана және аудандық орталық, балалар кітапханалары болды. Жалпы кітап қорында 300 мыңнан астам кітап болды, оқырмандар саны 9 мыңнан астам еді. Сол кезеңдердегі басты мақсат-  тұрғындардың кітап оқуын толық қамтамасыз ету болатын. Сондықтан да аудан орталығындағы мектептерде, мекемелерде әдебиеттерді қолға беру беру бөлімшелері ашылып кітаптар жеткізіліп тұрды.  Кітапханаларда оқырмандар конференциясы, ауызша журналдар, кітаптарды талқылау, дауыстап оқу, әңгімелер өткізу кең таралды.
Кітапханалар көптеген кітап көрмелерін, плакаттарды безендірумен де айналысты. Заманының маңызды идеологиялық мекемесі ретінде аудандық кітапханалар саяси зор міндет атқарды.
       Ауылдық кітапханалар арасынан көзге түскен Веренка, Чайда, Нагорный, Каратаусай және Қазанка ауылдық кітапханалары «Үздік кітапхана ісі»  атағына лайық болды.
        
       1997 жылы мәдениет мекемелерінің жұмысын оңтайландыру науқанында аудандық кітапхана жүйесі ауыр кезеңдерді басынан өткерді. Соның нәтижесінде  ауылдық кітапханалар жабылып, кітап қоры мектептерге өткізіліп, сақтау міндеті ауыл клубы меңгерушілеріне тапсырылды.
        2003 жылы «Ауыл кітапханасы» ауыл кітапханаларын ашу және дамыту бағдарламасы қолға алынды. Осы аталған бағдарлама аясында жыл сайын аудан бойынша екі ауыл кітапханасы ашылу игі үрдіске айналды. 2006 жылы есте қалар жыл болатын. Аудан әкімінің бастамасымен аудан бойынша 8 бірдей ауыл к ітапханасы ашылды.
Қазіргі таңда – аудан бойынша 20 кітапхана, соның ішінде аудандық орталық кітапхана, орталық балалар және 18 ауыл кітапханасы жұмыс істейді.
         
          2005 жылдан бастап «Мәртөк орталықтандырылған кітапхана жүйесі» Мемлекеттік Мекемесі болып қайта құрылды. Нәтижесінде мекеменің мәртебесі өзгеріп, бухгалтериялық есебі  құрылып штат өсірілді.  Кітап қоры облыстық кітапханадан жаңа кітаптармен толықтырлып отырды. Сонымен бірге, мерзімді басылымдарға жазылу үшін аудандық бюджеттен бөліне бастады. Жаңа баспа өнімдерін өңдеу үшін толықтыру бөлімі ашылды. Ауыл кітапханаларына әдістемелік және әс- тәжірибелік көмек көрсету үшін әдіскер мен библиограф штаттық бірліктері берілді.
       
        2008 жылы аудандық кітапхана жүйесі облыстық «Программа по модернизации  библиотек области на 2007- 2009 годы» бағдарламасына қосылды. 2009 жылы «Жол картасы» Мемлекеттік бағдарламасы аясында Жайсаң ауылдық кітапханасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сол жылы алғашқы жаңа үлгідегі ауылдық модельді кітапхана ретінде салтанатты ашылу рәсімі өткізілді. Ауыл кітапханасы жаңа заманға сай жабдықталынып, түрғындар үшін ыңғайлы, техникалық жабдықталуы жоғары деңгейдегі ақпараттық, демалыс орынына айналды.
        2010 жылы аудан бойынша екінші жаңа үлгідегі  ауыл кітапханасы Хлебодар ауылында ашылды.
          Бүгінгі таңда аудан бойынша барлық кітапханаларда 16 компьютер бар және 5 кітапханада Интернет жүйесіне шығу қамтамасыз етілген, 5 кітапханада телефон орнатылған.   Аудандық кітапханалар, электронды каталогтер жасап, электронды пошта арқылы ақпарат алмасып,  әдістемелік- библиографиялық материалдар дайындайды. Компьютерлерді белсенді түрде пайдаланатын кітапханашылардың мақсаты- жергілікті тұрғындарға кең көлемдегі ақпараттарға қол жеткізуі үшін- ақпараттық қор құра отырып, ауданның әлеуметтік- экономикалық дамуына өз үлесін қосу.   
           Аудандағы барлық кітапханалардың қоры 270 мыңнан астам дана кітап . Жыл сайын облыстық мемлекеттік бағдарламалар аясындағы кітапхана мен кітапхана коллекторынан келіп түсетін  жаңа кітаптар саны артуда. Әрбір ауыл кітапханасы 7-8 атаулы басылымға жазылып, алып  тұрады. Жыл сайын кітапханаларға 7 мыңнан астам оқырман келіп тұрады.

Комментариев нет:

Отправить комментарий